ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage («ЗИЯ: Ислам және рухани мұра») — исламтану, дінтану, исламдық қолжазбатану, мәтінтану және деректану салаларындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің нәтижелері жарияланатын, ғылыми рецензиялаудан өтетін академиялық журнал.

Журналдың меншік иесі және баспагері — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам ғылыми-зерттеу институты.

Журнал 2026 жылғы қараша айынан бастап жарық көреді.

 

ЖУРНАЛДЫҢ ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТАРЫ

 

Исламтанулық зерттеулер – Құрантану және хадистану, тәпсір, ақида және кәләм, ислам құқығы және усул әл-фиқһ, ислам философиясы, сопылық ілім, мұсылмандық діни ой тарихы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы ислам тарихы, түркі-мұсылман өркениеті, жәдидшілдік және исламдық реформизм мәселелерін қамтиды.

Дінтанулық зерттеулер – дін философиясы, дін әлеуметтануы, дін психологиясы, дін антропологиясы, салыстырмалы дінтану, діндер тарихы, дін және қоғам қатынастары, діни бірегейлік, конфессияаралық қатынастар, қазіргі діни үдерістер және діни қауіпсіздіктің ғылыми аспектілеріне арналған зерттеулерді қамтиды.

Исламдық қолжазбатану және мәтінтану – ислам өркениетінің жазба мұрасын, араб, парсы және түркі тілдеріндегі қолжазбаларды, тарихи деректер мен классикалық мәтіндерді зерттеуді қамтиды. Рубрика аясында қолжазбатану, кодикология, палеография, археография, мәтінтану, тарихи деректану, қолжазба нұсқаларын салыстырмалы талдау, сыни мәтін әзірлеу, сирек кітаптар мен көне басылымдарды зерттеу, исламдық кітап мәдениеті, дәстүрлі медреселік жазба мұра, Ясауи шығармалары, түркі сопылық әдебиеті және қазақ дін ғұламаларының қолжазба еңбектерін ғылыми айналымға енгізу мәселелері қарастырылады.

Журнал түпнұсқа ғылыми мақалаларды, ғылыми шолуларды, деректанулық және қолжазбатанулық зерттеулерді, бұрын ғылыми айналымға түспеген жазба деректердің ғылыми сипаттамалары мен жарияланымдарын қабылдайды.

 

Мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-басылымдарды есепке қою туралы куәлік:
№ KZ71VPY00152981, 26.06.2026 ж.

 

Басылым атауы:
ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage («ЗИЯ: Ислам және рухани мұра»)

 

Басылым түрі: ғылыми журнал.

 

Мерзімділігі: тоқсанына бір рет (жылына 4 рет).

 

Меншік иесі: Ислам ғылыми-зерттеу институты.

 

Басылым тілдері: қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік.

 

Таралу аумағы: Қазақстан Республикасы.

 

Тақырыптық бағыты: ғылыми, ғылыми-ағартушылық, исламтану, дінтану, исламдық қолжазбатану, мәтінтану және деректану.

 

Журналдың мақсаты – Қазақстандағы және халықаралық академиялық кеңістіктегі исламтанулық және дінтанулық зерттеулердің дамуына ықпал ету, исламдық интеллектуалдық және рухани мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу, қолжазбалар мен сирек кітаптарды, архивтік және тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы академиялық байланысты нығайту.

 

Журнал пәнаралық ғылыми диалогты дамытуға және Қазақстан мен Орталық Азияның исламдық тарихын, діни-интеллектуалдық дәстүрін және жазба мұрасын әлемдік ислам өркениеті контексінде кешенді зерттеуге ерекше мән береді.

 

ISSN:
ISSN (Print) – алғаннан кейін енгізіледі
ISSN (Online) – алғаннан кейін енгізіледі

 

DOI:
Crossref арқылы DOI префиксі алынғаннан кейін енгізіледі.

 

Жарияланым этикасы:

 

ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage ғылыми жарияланымдарда академиялық адалдық, авторлық құқық, мүдделер қақтығысын ашық көрсету, плагиатқа жол бермеу, рецензиялау үдерісінің объективтілігі мен құпиялылығы қағидаларын басшылыққа алады. Журнал редакциясы ғылыми жарияланымдар этикасы саласындағы халықаралық стандарттар мен COPE ұсынған негізгі қағидаттарды ұстанады.