АВТОРЛАРҒА НҰСҚАУЛЫҚ

 

АВТОРЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage («ЗИЯ: Ислам және рухани мұра») ғылыми журналында мақалалар қазақ, ағылшын, араб және орыс тілдерінде жарияланады.

Журналға ұсынылған барлық ғылыми мақалалар алдын ала редакциялық сараптамадан өтіп, содан кейін қосжақты жасырын рецензиялау (Double-blind peer review) тәртібімен тәуелсіз рецензенттерге жіберіледі. Мақала рецензенттердің оң қорытындысы және редакцияның шешімі негізінде ғана жариялауға қабылданады.

Бір автор журналдың бір санына автор немесе тең автор ретінде бір ғылыми мақала ұсына алады. Редакцияға жіберілген қолжазба бұрын жарияланбаған және басқа ғылыми басылымда бір мезгілде қаралып жатпаған түпнұсқа ғылыми еңбек болуы тиіс. Редакцияға жіберілген мақаланың жариялану ұзақтығы (ең ұзағы) - 1 жыл.

Редакция ұсынылған қолжазбаларды лицензияланған мәтіндік сәйкестікті анықтау жүйесі арқылы тексереді. Мақаланың түпнұсқалық көрсеткіші кемінде 85% болуы тиіс. Плагиат, өзіндік плагиат, деректерді бұрмалау, жалған дәйексөздер немесе өзге де академиялық адалдық талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда мақала әрі қарай қарауға қабылданбайды. Редакция қабылданған шешім туралы авторға хабарлайды.

Мақалалар журналдың ресми электрондық платформасы арқылы қабылданады. Редакция қажет болған жағдайда автордан қосымша материалдар, түпнұсқа деректер, қолжазба көшірмелері немесе библиографиялық мәліметтерді нақтылауды сұратуға құқылы.


 

ЖУРНАЛҒА МАҚАЛАНЫ ДАЙЫНДАУ

 

МАҚАЛАНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

1. Жалпы талаптар

Журналға ұсынылатын мақала бұрын жарияланбаған, басқа басылымға қатар ұсынылмаған және төмендегі ғылыми бағыттардың біріне сәйкес келетін түпнұсқа зерттеу болуы тиіс:

  • Исламтанулық зерттеулер;
  • Дінтанулық зерттеулер;
  • Рухани мұра және деректану.

Мақалада зерттеу мәселесінің өзектілігі, мақсаты, әдіснамасы, ғылыми жаңалығы, зерттеу нәтижелері мен негізделген қорытындылары нақты көрсетілуі тиіс.

2. Мақала көлемі және техникалық параметрлері

Ғылыми мақаланың көлемі – 6-12 бет.

Ғылыми шолу, деректік хабарлама және қысқаша ғылыми зерттеулердің көлемі – 4-8 бет.

Мәтінді рәсімдеу талаптары:

  • қаріп – Times New Roman;
  • қаріп өлшемі – 12 pt;
  • жоларалық интервал – 1,0;
  • абзац – 1,25 см;
  • беттің барлық жиегі – 2 см;
  • мәтін ені бойынша тураланады.

Араб графикасындағы мәтіндер Unicode стандартын қолдайтын анық әрі оқылымды қаріппен берілуі тиіс.


 

МАҚАЛА МАТЕРИАЛДАРЫН РӘСІМДЕУ

 

ӘОЖ

ӘОЖ (UDC) индексі мақаланың бірінші бетінің жоғарғы сол жақ бұрышында көрсетіледі.

ҒТАМР / МРНТИ 

ӘОЖ-дан кейінгі келесі жолда ҒТАМР (МРНТИ / GRNTI) коды көрсетіледі (https://grnti.ru/).

DOI

Келесі жолда DOI көрсетіледі. DOI идентификаторын мақала жариялауға қабылданғаннан кейін журнал редакциясы тағайындайды.

МАҚАЛА ТАҚЫРЫБЫ

Мақаланың атауы DOI-дан кейін бір жол төмен бас әріптермен, қою қаріппен, ортаға тураланып жазылады.

Мақала атауы зерттеу мазмұнын нақты көрсетуі және мүмкіндігінше 12 сөзден аспауы тиіс.

МАҚАЛА АВТОРЫ / АВТОРЛАРЫ

Мақала атауынан кейін автордың тегі мен инициалдары немесе толық аты-жөні көрсетіледі.

Егер авторлар әртүрлі мекемелерден болса, олардың аффилиациялары жоғарғы индекс арқылы белгіленеді: ¹, ², ³.

Хат-хабарға жауапты автор (*) белгісімен көрсетіледі.

Автор туралы мына мәліметтер беріледі:

  • мекеменің толық атауы;
  • қала;
  • мемлекет;
  • ғылыми дәрежесі немесе академиялық мәртебесі;
  • электрондық пошта;
  • ORCID идентификаторы.

Мысалы:

А.А. Автор¹*
¹ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты, Алматы, Қазақстан
E-mail: author@example.kz
ORCID: https://orcid.org/0000-0000-0000-0000

Қосжақты жасырын рецензиялау талаптарына сәйкес рецензенттерге жіберілетін мақала нұсқасында авторды анықтайтын аты-жөні, аффилиациясы, электрондық поштасы, ORCID және өзге де жеке мәліметтер болмауы тиіс. Бұл мәліметтер журналдың электрондық жүйесіндегі метадеректер бөлімінде толтырылады.


 

АҢДАТПА

АҢДАТПА сөзі қою қаріппен жазылады.

Аңдатпа мақаланың жалпы тақырыбын сипаттаумен шектелмей, нақты жүргізілген зерттеудің мазмұнын көрсетуі тиіс.

Аңдатпада:

  • зерттеу мәселесі;
  • зерттеу мақсаты;
  • қолданылған әдістер;
  • негізгі нәтижелер;
  • ғылыми жаңалық;
  • негізгі қорытынды қысқаша беріледі.

Аңдатпа көлемі – 200-250 сөз.

Аңдатпа қазақ, ағылшын, араб және орыс тілдерінде ұсынылады.

Аңдатпада:

  • әдебиеттерге сілтеме;
  • түсіндірме ескертпе;
  • формула;
  • жалпыға түсінікті емес қысқартулар мен аббревиатуралар қолданылмайды.

 

ТҮЙІН СӨЗДЕР

ТҮЙІН СӨЗДЕР сөз тіркесі қою қаріппен жазылады.

Түйін сөздер саны – 5-8 сөз немесе термин.

Түйін сөздер мақаланың негізгі ғылыми мазмұнын, зерттеу нысанын және негізгі ұғымдарын дәл көрсетуі тиіс.

Түйін сөздер қазақ, ағылшын, араб және орыс тілдерінде беріледі және үтір арқылы ажыратылады.


 

НЕГІЗГІ МӘТІННІҢ ҚҰРЫЛЫМЫ

Мақаланың негізгі мәтіні мынадай құрылымда беріледі:

  • КІРІСПЕ
  • ЗЕРТТЕУ МАТЕРИАЛДАРЫ МЕН ӘДІСТЕРІ
  • ЗЕРТТЕУ НӘТИЖЕЛЕРІ ЖӘНЕ ТАЛҚЫЛАУ
  • ҚОРЫТЫНДЫ

Бөлім атаулары жеке жолда беріліп, мәтін құрылымы мақала бойы бірізді сақталуы тиіс.

Кіріспе

Кіріспеде:

  • тақырыпты таңдаудың негіздемесі;
  • зерттеу мәселесінің өзектілігі;
  • мәселенің ғылыми қойылымы;
  • зерттелу деңгейі;
  • зерттеу мақсаты мен міндеттері;
  • ғылыми жаңалығы;
  • зерттеудің теориялық немесе практикалық маңызы көрсетіледі.

Зерттеу материалдары мен әдістері

Бұл бөлімде зерттеудің деректік базасы, пайдаланылған материалдар мен ғылыми әдістер нақты әрі толық сипатталуы тиіс.

Исламтанулық зерттеулерде Құран, хадис жинақтары, тәпсір, фиқһ, ақида, кәләм, сопылық және басқа классикалық исламдық еңбектер пайдаланылса, олардың зерттеудегі орны нақты көрсетіледі.

Дінтанулық зерттеулерде салыстырмалы, тарихи, әлеуметтанулық, психологиялық, антропологиялық, статистикалық немесе өзге де эмпирикалық әдістер қолданылса, олар толық сипатталуы тиіс.

Рухани мұра және деректану бағытындағы зерттеулерде қолжазбалар, сирек кітаптар, архивтік құжаттар және басқа да тарихи деректердің сақталған орны, қор атауы, шифры және зерттеу әдістері көрсетіледі.

Зерттеу нәтижелері және талқылау

Бұл бөлімде зерттеу барысында алынған негізгі ғылыми нәтижелер беріледі.

Авторлық тұжырымдар тиісті деректермен дәлелденіп, бұрынғы зерттеулермен салыстырылып, ғылыми тұрғыдан талқылануы тиіс.

Автор зерттеу барысында алынған жаңа нәтижелерді бұрыннан белгілі ғылыми мәліметтерден анық ажыратуы қажет.

Қорытынды

Қорытындыда зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып:

  • негізгі ғылыми тұжырымдар;
  • зерттеудің жаңалығы;
  • ғылыми маңызы;
  • қажет болған жағдайда болашақ зерттеу бағыттары беріледі.

Қорытынды толық мәтін түрінде жазылады және кіріспе мен негізгі бөлімді қайталамауы тиіс.


 

ҚОЛЖАЗБАЛАР МЕН СИРЕК КІТАПТАРҒА СІЛТЕМЕ ЖАСАУ

«Рухани мұра және деректану» рубрикасына ұсынылатын мақалаларда қолжазбалар мен сирек кітаптар мүмкіндігінше толық ғылыми сипатталуы тиіс.

Қолжазбаға сілтеме жасағанда:

  • кітапхана, архив немесе қордың толық атауы;
  • қор немесе коллекция атауы;
  • шифр немесе инвентарлық нөмір;
  • шығарма атауы;
  • авторы;
  • көшірушісі;
  • көшірілген мерзімі;
  • көшірілген жері;
  • қажетті парақ нөмірі көрсетіледі.

Мысалы:

ҚР Ұлттық кітапханасы, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, № ХХХ, 25б-26а.

Егер автор қолжазбаның авторлығы, мерзімі, көшірмешісі немесе шығарманың атауына қатысты жаңа атрибуция ұсынса, ол тиісті палеографиялық, кодикологиялық, текстологиялық немесе тарихи деректермен негізделуі тиіс.


 

ТРАНСКРИПЦИЯ ЖӘНЕ ТРАНСЛИТЕРАЦИЯ

Араб, парсы және түркі тілдеріндегі:

  • кісі есімдері;
  • шығарма атаулары;
  • географиялық атаулар;
  • терминдер;
  • мәтін үзінділері

мақала бойы бірізді транслитерациялық жүйемен берілуі тиіс.

Арнайы ғылыми термин алғаш қолданылған жағдайда оның түпнұсқа жазылуын жақша ішінде көрсетуге болады:

тәпсір (تفسير)
усул әл-фиқһ (أصول الفقه)
ижаза (إجازة)


 

ӘДЕБИЕТТЕРГЕ СІЛТЕМЕ ЖАСАУ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІН РӘСІМДЕУ

Мақала мәтінінде пайдаланылған ғылыми еңбектерге сілтеме автордың тегі, жарияланған жылы және бет нөмірі көрсетіле отырып беріледі.

Мәтін ішіндегі сілтеме үлгісі:
(Қыдыр, 2025: 233)

Егер автордың аты-жөні сөйлем ішінде көрсетілсе, жақша ішінде тек жарияланған жылы мен беті беріледі:

Т. Қыдырдың пікірінше (2025: 233), ...

Екі автор болған жағдайда:
(Қыдыр, Байбосынұлы, 2025: 145)

Үш және одан да көп автор болған жағдайда:
(Қыдыр және т.б., 2025: 87)

Бір автордың бір жылы жарық көрген бірнеше еңбегі:
(Қыдыр, 2025a: 45)
(Қыдыр, 2025b: 112)

Бірнеше дереккөзге сілтеме:
(Қыдыр, 2025: 233; Мүмінов, 2022: 117; Кенжетаев, 2021: 84)

Қолжазба немесе архивтік дерек:
(ҚР ҰК, Сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры, № 123, 25б-26а)

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Мақала соңындағы әдебиеттер тізімі авторлардың тегі бойынша әліпбилік ретпен беріледі. Мәтінде сілтеме жасалмаған еңбектер әдебиеттер тізіміне енгізілмейді.

Монография үлгісі:
Қыдыр Т. Алтын Орда дәуіріндегі ислами қолжазба мұралары. – Астана: [баспа атауы], 2025. – [бет саны] б.

Ғылыми журналдағы мақала үлгісі:
Қыдыр Т. Алтын Орда дәуіріндегі исламдық жазба мұраның ерекшеліктері // ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage. – 2025. – № 1. – 45-62 б.

Жинақтағы мақала үлгісі:
Қыдыр Т. Түркі-ислам қолжазба дәстүрінің сабақтастығы // Ислам өркениеті және рухани мұра: халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Астана, 2025. – 120-135 б.

Көптомдық еңбек үлгісі:
Мүмінов Ә. Ислам тарихы мен жазба мұра. – Алматы: [Баспа], 2022. – Т. 2. – 456 б.

Классикалық араб тіліндегі еңбек:
әл-Бұхари, Мұхаммад ибн Исмаил. әл-Жамиғ ас-сахих. – Бейрут: Дар Ибн Касир, 2002. – 556 б

Электрондық дереккөз:
Автордың тегі А. Материал атауы. – URL: https://example.com (қаралған күні: 27.08.2026).

REFERENCES

Кирилл немесе араб графикасындағы әдебиеттер үшін романизацияланған REFERENCES тізімі бөлек беріледі.

Мысалы:
Kydyr T. Altyn Orda dauirindegi islami qolzhazba muralary [Islamic Manuscript Heritage of the Golden Horde Period]. Astana: [Publisher], 2025. [Number of pages] p. (In Kazakh).

Мәтіндегі сілтеме форматы өзгермейді: (Қыдыр, 2025: 233).


 

КЕСТЕЛЕР, СУРЕТТЕР ЖӘНЕ ФОРМУЛАЛАР

Мақаладағы барлық кестелер, суреттер, диаграммалар және формулалар ретімен нөмірленеді.

Мәтінде оларға міндетті түрде сілтеме беріледі:

(1-кесте)
(1-сурет)

1-кесте – Қолжазбалардың жанрлық жіктелімі
1-сурет – Қолжазбаның алғашқы парағы

Графиктер, сызбалар және фотосуреттер мәтінде алғаш аталған жерден кейін орналастырылады.

Қолжазба немесе сирек кітаптың суреті пайдаланылған жағдайда оның астында:

  • сақталған орны;
  • қор атауы;
  • шифры немесе инвентарлық нөмірі көрсетілуі тиіс.

Үшінші тұлғаларға немесе мекемелерге тиесілі материалдарды пайдалануға қажетті рұқсаттарды алу жауапкершілігі авторға жүктеледі.


 

ҚЫСҚАРТУЛАР МЕН АББРЕВИАТУРАЛАР

Мақаланың негізгі мәтінінде қысқартулар мен аббревиатураларды қолдануға рұқсат етіледі.

Жалпыға белгілі емес қысқарту мәтінде алғаш кездескен кезде толық жазылып, одан кейін жақша ішінде қысқартылған нұсқасы беріледі.

Мысалы:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ).

Аңдатпа мен түйін сөздерде жалпыға түсінікті емес қысқартуларды қолдануға жол берілмейді.


 

АВТОР ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

Авторлар туралы мәлімет журналдың электрондық жүйесіндегі арнайы бөлімде ұсынылады.

Автор туралы мына мәліметтер көрсетіледі:

  • толық аты-жөні;
  • жұмыс орны;
  • лауазымы;
  • ғылыми дәрежесі;
  • ғылыми атағы немесе академиялық мәртебесі;
  • ORCID;
  • электрондық пошта;
  • байланыс телефоны.

Қосжақты жасырын рецензиялау талаптарына сәйкес рецензенттерге жіберілетін мақала нұсқасында авторды анықтайтын мәліметтер болмауы тиіс.


 

АКАДЕМИЯЛЫҚ АДАЛДЫҚ

Журнал:

  • плагиатқа;
  • өзіндік плагиатқа;
  • жалған ғылыми деректерге;
  • жалған немесе тексерілмеген дәйексөздерге;
  • деректерді бұрмалауға;
  • негізсіз авторлыққа;
  • бір мақаланы бірнеше журналға қатар ұсынуға;
  • өзгенің ғылыми нәтижесін иемденуге жол бермейді.

Редакция академиялық әдеп бұзушылығы анықталған мақаланы рецензиялаудың кез келген кезеңінде қараудан алып тастауға құқылы.


 

АВТОРЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Авторлар:

  • ғылыми деректердің дұрыстығына;
  • зерттеу нәтижелерінің сенімділігіне;
  • дәйексөздердің дәлдігіне;
  • библиографиялық мәліметтердің дұрыстығына;
  • қолжазба және архивтік шифрлардың нақтылығына;
  • аударма, транскрипция және транслитерация сапасына;
  • авторлық құқық талаптарының сақталуына;
  • жұмыстың ғылыми мазмұнына толық жауап береді.

Мақалада ұсынылған ғылыми көзқарастар мен тұжырымдар авторларға тиесілі және олар міндетті түрде ZIYA: Journal of Islam and Spiritual Heritage («ЗИЯ: Ислам және рухани мұра») журналы редакциясының ресми ұстанымын білдірмейді.